«ASTANA TECH CUP» – болашақ инженерлер мен IT-көшбасшылар алаңы

«Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы «AZ GROUP LLC» білім беру компаниясымен бірлесе 2026 жылғы 07–08 ақпан күндері Астана қаласында «ASTANA TECH CUP» республикалық чемпионатын ұйымдастырды.

«ASTANA TECH CUP» – болашақ инженерлер мен IT-көшбасшылар алаңы
Астана дарыны

Серіктестері:

— Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті

— «CyberFormula3» IT компаниясы;

— «Kazakhstan Drone Soccer Association»;

— «International Robot Academy».

Бұл – Қазақстандағы ең ауқымды технологиялық жарыстардың бірі болып саналатын, жас өнертапқыштар, робототехника әуесқойлары, IT-мамандар мен инженерлік бағыттағы дарынды жастар бас қосатын ерекше алаң. Чемпионат заманауи ғылым мен технологияның мүмкіндіктерін таныстырып қана қоймай, болашақ мамандардың кәсіби бағдарын айқындауға, шығармашылық әлеуетін ашуға зор ықпал етеді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстандағы мектеп оқушылары мен колледждер және жоғары оқу орындары студенттерінің интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін дамытуға жағдай жасау, оларды технологиялар, робототехника, IT және жаратылыстану ғылымдарына қызықтыру, сондай-ақ ғылыми-техникалық шығармашылыққа кеңінен тарту.

Чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен:

1–4 сынып оқушылары,

5–8 сынып оқушылары,

9–12 сынып оқушылары,

колледж және ЖОО студенттері,

педагогтер мен оқытушылар қатысты.

Чемпионатқа 714 команда, шамамен 2500 қатысушы қатысты. Бұл – елдегі ғылыми-техникалық бағытқа қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.

Чемпионаттың негізгі бағыттары:

– Fibonacci International Robot Olympiad

– VEX Robotics Competition

– DroneSoccer

– CyberSport

Бұл республикалық кезең халықаралық жарыстарға іріктеу болып табылады. Ең үздік қатысушылар халықаралық деңгейде Қазақстан намысын қорғайды. Жеңімпаз командалар Түркия мен АҚШ-та өтетін әлемдік деңгейдегі чемпионаттарға қатысу мүмкіндігіне ие болды.

ASTANA TECH CUP – болашақ технология көшбасшыларын қалыптастыратын, ғылым мен инновацияға құштар жастарды біріктіретін үлкен қозғалыс.